Көрісу — еліміздің батыс өңірлерінде сақталған ежелгі дәстүрлердің бірі. Біраз уақыт ұмыт болған дәстүрдің шығу тарихы туралы бүгінге дейін ғылыми тұжырымдалған анықтамасы жоқ. Бұл ежелгі дәстүрдің тарих сахнасына қай жылы еніп, қай өңірлерде тойланғаны туралы да мардымды ақпараттар жоқтың қасы.
Тек Наурыз мерекесі тойлана бастаған жылдардан бастап, көрісудің де батыс өңірінде етек алғаны анық. Уикипедия мәліметінде: «Көрісу— Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы қазақтардың арасында сақталған ежелгі дәстүр. Жаңа жылды Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу (яғни қауышу) күні» деп те атайды. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді» деп көрсетілген. Бұл дәстүрді кей жерлер де «Амал» деп те атаған.
«Амал» мерекесі – ауыл адамдарының бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі. Таң азанынан ауыл адамдары ағайын-туыс ауылын қыдырып, жасы үлкен ақсақалдар, ақ жаулықты аналар, аға-жеңгелер, бауыр келіндерге жүздесіп, сәлемдесіп «Жаңа жасың құтты болсын», «Бір жасыңмен», «Жасыңа жас қосылсың», «Амал мерекесі құтты болсын» деп тілек айтады. Арадағы өкпе-ренішті, араздықты ұмытып, ағайын-туыстың амандығын тілейді.
Ертеректе көрісу күні ауыл аймақты қыдырғанда ауыл адамдары сәнді киімдерін киіп, жүйрік, жорғаларын мініп, қыдыратын болған. Өз ара сый-сияпат көрсетіп, бір-біріне сыйлық үлестірген. Осы орайда «Амал» мерекесініңтарихы мен тойлануы жайында тарихшы мамандардың пікірін білген едік.